27 апрель 2018
Көктем – табиғаттың құлпыратын керемет мерекелері кезеңі. Сондай мейрамдардың бірі – 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Осы мереке алдында, 27 сәуірде колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы «Үміт» дағдарыс орталығында» КММ бір топ белсенді студенттермен барып, сол жерде көмек алушы жандарды мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, ашық аспан және қажырлы қайрат тіледі. Ал студенттеріміздің қойған концерттік бағдарламасы сол жердегі жандарың көңілінен шыға білді.
Психикалық-физикалық зорлыққа тап болған, жақындарынан айырылған әйелдер, мүгедектер, жалғызбасты және кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар аналар, үйі өртке оранған отбасылар, балалар үйі мен мектеп-интернаттарының түлектері, қиын жағдайға тап болған жасөспірім қыздар және басқалары осы жерден пана тапқан.
Статистика бойынша Қазақстандағы әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет болса да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Орталықтың басты мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жанжалға тосқауыл қою. Бұл орталықта отбасында әлімжеттікке ұшыраған жандарға көмек көрсетіледі.
А.Далабаева