Body: 



2018 жылғы 22 маусым күні колледждің Акт залында Машур Шакирұлы Жабагинның «Путь к вершине профессии от практики к теории через тернии» атты кітабының тұсаукесері өтті. Машур Шакирұлы - 1965 жылы бітіріп кеткен колледжіміздің түлегі, құрметті теміржолшы.


Акт залына Машур ағаның үзеңгілес әріптестері, колледждің алдыңғы буын түлектері кітаптың тұсаукесер кешіне жиналды. Кітаптың мазмұны –ХХ ғасырдағы теміржолдың тарихы, оның салынуы менен дамуы жайлы сыр шертеді.



Салтанатты тұсаукесердің ашылу рәсімінде Көлік және коммуникация колледжінің директоры Зулфухар Сұлтанұлы бүгінгі студенттер аға буын теміржолшылардың ерен еңбегін бағалап, одан тәлім алатынына сенім білдірді.


«Темір жолда темірдей тәртіп болу керек» деген сөз осы сала мамандарының өмірлік ұстанымына айналғанын атай келе, ертеңгі түлек студенттердің ұстанатын бағыты екенін айтты.



Келесі кезекте сөз сөйлеген «ҚТЖ» ҰК»АҚ кадрлар бөлімінің бас менеджері Ақмарал Жарасқызы осындай тақырыптағы кітаптар өскелең жас ұрпаққа теміржол мамандығының қыры мен сырын жеткізетінін атап өтті.


Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахметов Ғаббас Елемесұлы Машур Шакирұлының еліміздегі теміржолдың салынуы мен дамуына қосқан үлесін айта келе, келер ұрпаққа осындай іс-шаралардың салиқалы тәлім-тәрбие беретінін айтып өтті.



«ҚТЖ» ҰК»АҚ кәсіпкерлер одағының төрағасы Сарсекеев Серик Кабылкасұлы Машур Шакирұлының еңбектеріне тоқтала келе, теміржолшы мамандығының әлі де болса еліміздің дамуына қосатын ерекше рөліне тоқталып өтті.



Тұсаукесер соңы мерекелік іс-шараға жалғасып, естелік фотосуретпен аяқталды.

А. Далабаева