Body: 


1-қазан — халықаралық қарттар күні. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен 1990 жылдан бері аталып келеді.


Айтулы күнге орай 2018 жылдың 29 қыркүйегінде Көлік және коммуникация колледжінің мәжіліс залында ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымызға арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс – шара өтті.


Қазыналы қарттарымыздың елдің гүлденуіне қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, ақ тілегін арнаған Астана қалалық мәслихатының депутаты, колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы Гаипов еңбек және тыл ардагерлерін мерекелерімен құттықтады. Өзінің құттықтау сөзінде халық қалаулысы қарттарымызға «Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін жəне ардагерлерге қамқорлық пен құрмет көрсететін күн болып табылады. Сіздер тек қана осы мереке күндері емес, əрқашан құрмет тұтуға лайықты жандарсыздар, Сіздерге тілейтінім немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, әр күндеріңіз шаттық пен қуанышқа толы болып, ұзақ ғұмыр кешіңіздер!!!» деп өз атынан қатысқан барлық қарттарға сыйлықтар ұсынды.



Әсем ән, келісімді би билеп өз өнерлерімен ортаға шыққан колледж студенттері қонақтардың зор ықыласына бөленді. Әсіресе кешке арнаулы шақырылған Республикалық жыр-терме байқауларының лауреаты Абылайхан Бектасовтың өнері жиналған қауымға қатты ұнады.



«Осындай мерекелік шарада біздерді - қарттарды ұмытпай, қадірменді қонақ ретінде шақырып, қошемет-құрмет көрсетіп сый - сияпат ұсынып жатқан депудатымыз Зулфухар Сұлтанұлына алғысымызды білдіреміз. Сіздің түлектеріңіз Тәуелсіз Қазақстан Республикасының лайықты азаматтары болуына тілектеспіз!», - деп жиналған қонақтардың атынан сөз сөйлеген Сарыарқа ауданының методикалық комиссиясының ардагерлер кеңесінің төрайымы Умарбаева Таурас Сейткалиевна мерекелік құттықтау естіп, ыстық ықыласқа бөленген қарттардың көңілдері көтеріңкі екенін айтты. Көктал-1 шағын ауданының ардагерлер кеңесінің төрайымы Назаренко Людмила Кузмичына «Сіздің бізге қарттарға көрсетіп жатқан сый құрметіңізге дән ризамыз, тіпті осы концерттің өзіне арнаулы көлікпен келдік. Жұмыстарыңыз табысты, істеріңіз берекелі болсын!», - деген ыстық лебізін білдірді. Бұл керемет кештен қарттар да, студенттер де мерекелік көңіл күймен тарасты.

























А.Далабаева