8 ноября 2018
Бүгінгі таңда елімізде жаңалықтың жаршысы латын қарпі мәселесі мен келешегі екені баршамызға мәлім. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 жарлығына сәйкес бекітілген әліпби негізінде «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» жобасы әзірленген.
Осыған орай 2018 жылғы 6 қарашада колледжіміздің Акт залында «Жаңа емле: құрылымы, ұстанымы және жаңалықтары» атты семинар өтті. Семинардың мақсаты – қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыру және әліпбиге қатысты көпшілік көкейінде жүрген мәселелер бойынша ақпарат беру.
Аталған семинарға колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. Семинарға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Мамырбек Гүлфар Мажитқызы арнайы шақырылды. Гүлфар Мажитқызы өз сөзін латын қарпіне көшу идеясын ең алғаш көтерген академик Ә.Қайдар екендігін айтты. Академик Ә.Қайдар 1993 жылы Президент Н.Назарбаевқа ашықхат жолдап, өз жобасын ұсынған. «Кемел елге кемел әліпби керек» мақаласын да «Ана тілі» газетінің беттеріне жариялағанын айтты. Сонымен қатар, Елбасының басшылығымен ғалымдар мен сарапшылардың жан-жақты саралап, түптеп тексерістерден өткізіп барып ұлттық дыбыстауды жаңғырта отырып көшкелі отырғанымыз жайлы, емле ережелерінің құрылымының 9 бөліміне тоқталып, қазіргі таңдағы емле бойынша туындап жатқан мәселелерге тоқталып, жаңа емле ережелеріндегі жаңалықтарымен бөлісті. Студенттер тарапынан емленің құрылымы, ақын-жазушылардың шығармаларын латын қарпіне ауыстыру, емленің қолданысқа ену мезгілі бойынша және тағы басқа сұрақтар қойылды. Кездесу соңында Қаржаубай Елдос, Күзенбай Ділдар, Сайлаубекова Әйгерім сынды студенттеріміз Гүлфар Мажитқызына жылы тілектерін білдірді. Гүлфар Мажитқызы колледж студенттерінің ізденушілік талаптары мен танымдық деңгейіне ризашылығын білдіре отырып, жаңа емле қоғамымыздың жазу мәдениетін арттыру арқылы мемлекеттік тілдің жазба коммуникациядағы қолданысын жеңілдетіп, ұлтымыздың рухани жаңғыруына, жаһандық үдерістерге үйлесе дамуына септігін тигізеді деп өз сөзін қорытындылады.
Қазақ тілі және әдебиеті
кафедрасының оқытушысы
А.Қ.Орынбаева