Body: 

Бар әлемге шын танылдық міне, біз,

Елін сүйген Елбасы деп білеміз.

Тең аталып Қазақстан – Нұрсұлтан

Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз, - деп жас қаламгер жырлағандай, «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты VI дәстүрлі жыр мүшәйрасы колледжімізде өтті. 1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай өткізілген бұл іс-шара қаламгерлердің шығармашылық жолындағы еңбектерін дәріптеумен қатар, өлең жазудағы қаламдарын ұштау, «өлең - сөздің патшасы, сөз сарасын» танып білу. Мүшәйраға қолына қалам алып, жыр жазамын деген барлық жас қаламгерлер қатысып, өз бақтарын сынады.
Сүбелі сөзден жыр терген ақындар сайысының мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төл әліпбиіміздің жаңғыруымен бірге, еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, жетістіктері мен жарқын болашағы, бірлігі мен берекесін, Елбасының көшбасшылық, данышпандық ерен еңбегімен байланыстырған жас ақындардың өлеңдерін көркемдеп оқу ғана емес, олардың қабілет-қарымын анықтау, ақындық өнерлеріне шабыт беру.
Жыр бәйгесі колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлының алғы сөзімен басталды. Зулфухар Сұлтанұлы көрермен қауымды Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, дәстүрлі байқаудың маңыздылығына тоқталып өтті. «Атаулы мереке жыл сайын тойланып, халықтық сипатқа ие болды. Егемен еліміздің гүлденуі мен тұрақтылығы жолында табысқа жетуіміз Тәуелсіз мемлекеттегі жас ұрпақтың білімі мен рухани құзіреттілігіне байланысты. Қасиетті өлең-жырды ардақтап, оны өмірлік серігіне айналдырған ақындар аз емес. Дегенмен, «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай жырлағандай, қара өлеңнің қадірін түсініп, асыл сөзден жыр терген ақындар мен жыраулар қазақ халқының таусылмас мол мұрасы. Өнер жолындағы қанаттарың талмасын, жастар!»- деп жыр сүйер қауымды бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады.
Бүгінгі жыр мүшәйрасына арнайы шақыртылған кеш қонағы – «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Оразкүл Асанғазықызына сөз берілді. Оразкүл Асанғазықызы өзінің құттықтау сөзінде Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы мен өркендеуі жолындағы Елбасының ерен еңбегін жастарға үлгі етті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы қазақтың тағы бір қыры - қазақтың ауыз әдебиеті, жыры, эпосы, өлеңі» дей келе, Тұңғыш Елбасы күніне ұйымдастырылған іс-шараға атсалысқан ақындар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Астана қаласы Нұр Отан партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қожахметов Шыңғысхан Шопанұлы жас қаламгерлерді айтулы күнмен құттықтап, Астана қаласында «Бірінші Президент қоры» жыл сайын мүшәйра ұйымдастыратынын және бүгінгі мүшәйра жеңімпаздарын сол іс-шараға қатысуға ұсыныс жасады. .
Мүшәйраға арнайы келген «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, коллеждің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Зейнулла Рахимович Шибкенов студенттер мен оқытушыларға жылы лебіз білдіріп, жас қаламгерлерге ақ жол тіледі
Жыр додасына қазылар алқасының мүшелері ретінде белгілі ақындар арнайы шақыртылды. Атап айтар болсақ, Ахметов Мұңсызбай Дүйсенұлы - ақын, тіл жанашыры, Құралай Омарова - ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Фариза Нұржакыпова V-ші дәстүрлі жыр мүшәйра байқауының бас жүлде иегері.
Жас ақындар жыр мүшәйрасы III кезеңнен тұрды:
Бірінші кезең: Жас қаламгерлердің өлеңдерін оқу.
Екінші кезең: Ұлағатты ұстаздарының өлең-жырлары. Үшінші кезең: Жыр-бәйгеге қатысқан ақындарды марапаттау кезеңі.
Қазақтың атын аспандатар алып ойын алаңында батырлар сынға түссе, қара сөздің қаймағын қалқыған ақындар да аянып қалмасы анық. Осы жыр-бәйгеге жас қаламгерлермен бірге колледж ұстаздары да өз жыр шумақтарын арнады. Мүшәйраға барлығы студенттер мен оқытушылардан құрылған 22 қатысушы болды.
Қазылар алқасының төрағасы Мұңсызбай Дүйсенұлы өлең жолындағы сөз қадірі мен жыр жолдарының әуезділігін, ақындардың өлеңді өрнектеудегі өзіндік ізденістерін айта отырып, оқытушылар мен студенттер арасынан үздік өнер көрсеткендерге арнайы жүлделі орындарды белгіледі. Оқытушылар арасынан үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған арнайы пәндер оқытушысы Бахыт Ұланбек. I-орын - арнайы пәндер оқытушысы Шаяхметова Жазираға, II-орын - арнайы пәндер оқытушысы Бекенова Ардаққа, III-орын - химия пәнінің оқытушысы Туловская Еленаға бұйырды. Студенттер арасынан үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені Қаржаубай Елдос(2 курс студенті) жеңіп алса, I-орынды Байқадамов Нұржан (1 курс студенті), II-орынды Болғанбаев Ернар, III-орынды Клейн Кристина иеленді.
Дәстүрлі мүшәйраға қатысқан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарын, VI дәстүрлі жыр мүшәйрасының жинағын табысталды.
Дәстүрлі жыр мүшәйрасы көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрболат Сейтмұратовтың орындауында «Қазақтай ел қайда» әні шырқалды. Осындай нәтижелермен бүгінгі жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті.


Л.К. Нығыметова
Г.Т. Базилбаева