Body: 

2018жылдың қараша айының 30 жұлдызында студенттердің қатысуымен «Мамандығым мақтанышым» атты сайыс өткізілді.
Жастардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру, өзара тәжірибе алмасу, талантты жастарды анықтау, отансүйгіштігін және азаматтық белсенділігін арттыру, мамандық туралы түсініктерді кеңейту сынды құндылықтар жарыстың басты мақсаты болды.
Байқауға білімді әрі талантты, өз мамандығының хас шеберлері қатысты. Байқаудың шарты бойынша сайыскерлер таныстыру, сұрақ-жауап, мен қалаған мамандық және соңғы сайыс өз өнерлерін көрсету бойынша сынға түсті. Өз мамандығын мақтан тұтатын сайыскерлер әсіресе сұрақ жауап пен мен қалаған мамандық бөлімдерінде шашаларына шаң жұқтырмады. Қойылған сұрақтарға барлығы дерлік дұрыс әрі нақты жауап беріп қазыларды таңғалдырса, өздерінің бұл мамандықты не үшін таңдағанын баяндайтын бөлімде өз салаларының шын жанкүйер мамандары екенін таныта білді. Ұстаздарынан сапалы білім алғанын дәлелдеген сайыскерлер өз өнерлерін көрсету бөлімінде де жұлдыздай жарқырады. Бірі жырдан шашу шашса енді бірі әнімен жиналған халықтың көңілін көтерді. Топтас достарымен бірге көрініс қойып, мың бұрала билегендері де болды.
Жүйрікті жүйрік озар жарысқанда дегендей, әр мамандықтың мықтыларын марапаттау сәті де келіп жеті. Сайыс қортындысы бойынша әділ қазы алқасы бас жүлдеге ерекше өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық қошаметіне ие болған 2С-217 тобының студенті Төкен Нұрбекті лайық деп тапты. Ал колледждің 4 курсында оқитын 4ПМ-215 тобының студенті Қаратай Санжар 1 орынды иеленсе, 3ЭН-216 тобының студенті Адал Асхат 2 орынды қанжығасына байлады. 3 орынды ақылына көркі сай қос аруларымыз 2ОПУД-217 тобы Гайсина Аружан мен 3РЭС-216 тобынан Анарбаева Аяулым бөлісті. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, қазылар алқасы студенттерге тартысты сайыс көрсеткендері үшін зор алғысын білдірді. Кеш соңы естелік суретке түсумен аяқталды.


А.Далабаева