Body: 

                                                             Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК


 «Астана адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобасы аясында 2019 жылғы 11 ақпанда Жоғары көлік және коммуникация колледжінде «Адалдық дүкенінің» салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Рәсімге колледж директоры, оқытушылар мен студенттер, колледждің Жастар ісі жөніндегі комитетінің мүшелері және ата-аналар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – студенттерді адалдыққа, парасаттылыққа, отан сүйгіштікке тәрбиелеу.

 Ашылу салтанатында Астана қаласы мәслихатының депутаты, колледж директоры Гаипов Зулфухар Сұлтанұлы аталған жоба ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бастамасымен жүзеге асып жатқандығын жеткізді. «Жобаның басты мақсаты - қоғамда жастардың бойында сенім атмосферасын біртіндеп қалыптастыру және жастарға өзін жақсы, адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру» - деп атап өтті.

"Адалдық дүкенінің" жұмысы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болады. Дүкенде өз-өзіне қызмет көрсетуді колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы бастап берді.

Студенттер мен ата-аналар мұндай дүкеннің ашылуына таңданыстарын жеткізді. Жастарға білдірілген сенім үшін ұйымдастырушыларға, колледж ұжымына ризашылықтарын білдірді. Соңы естелік фотосуретке түсумен аяқталды.

 

Г.Мырзагалиева