02 марта 2019
2019 жылғы 28 ақпанда Астана қаласы әкімдігінің "Жоғары көлік және коммуникация колледжі" ұжымы оқытушылары «Ризашылық-мейрімділік алаңы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аясындағы «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында Алғыс айту күніне арналған танымал тұлғамен кездесу өткізді. Кездесу қонағы ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Кабдыжаппарович Есімов.
Кездесудің алғы сөзін колледж директоры, саяси ғылымдарының докторы, маслихат депутаты Зулфухар Сұлтанұлы Гаипов алып, біздің арамызда күнбе-күн сұхбаттасатын, сұрақтар қойып, жетістіктер мен армандар жайлы ойларыңызбен бөлісетін адам бар, ғалымның ортамызға уақыт тауып келгендігіне алғысын білдірді. Ерекше құрметтей отырып Ғарифолла Есімовке сөз берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығы, одан туындайтын міндеттер кездесудің басты тақырыбына айналды. Аталмыш мақала төңірегінде кездесу қонағы өз көзқарасын, философиялық ойларын, Абай хакімнің даналық ойларынан мысал келтіріп ортаға салды. Соның ішінде сананың жаңғыруы, «Ұлы даланың жеті қыры» идеясына ерекше тоқталды. «Ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, сананы жаңғырту, болашаққа дұрыс бағдар жасау үшін жастарға бағыт көрсету – біздің міндетіміз» деген ғалым кездесу қатынасушыларын өнегелі ой өрнектерімен баурап алды. Кездесу соңында жас оқытушылармен жүздесіп, ой бөлісті.
Ғалыммен өткен кездесу, тілдесу, өте жайлы да жылы өтті. Жарқын естеліктермен, тартымды әңгімелер айтылған ортада өмірлік мәні бар пікір алмасты. Әңгіме барысында жастар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар алды. Ғарифолла Есім-елімізге белгілі тұлға. Оның саласында бағындырған биіктері шоқтықты. Алар тағылым мол. Осы себеппен де қорытынды сөзінде Зулфухар Сұлтанұлы кездесу қонағына алғысын білдіріп, Ғарифолла Есімов мырзаға Астана қаласы әкімдігінің "Жоғары көлік және коммуникация колледжінің" профессоры құрметті атағының куәлігі және естелік сыйлық табыс етілді.
А.Ахметова