20 марта 2019
Наурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. 2019 жылдың 20 наурыз күні колледжде «Наурызым - нұрлы ырысым» атты Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне орай іс-шара өтті. Мерекеге қонақтар, колледж ұжымы және студенттер қатысты. Колледждің кіреберіс залында бірнеше ақ дастархан жайылып, жайғастырылған этноауыл орналасты. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызған бұл жәрмеңкеден кейін қонақтарымыз ұлттық ойындарды тамашалады. Студенттеріміз қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ойындардың майталманы болып, қонақтарымыздың қошеметіне бөленді. Көрініс іспетті ұйымдастырылған бұл спорттық ойындарымыз Наурыз мерекесінде көптен күтілетін іс-шараларға жатады.
Мерекелік бағдарламамыздың келесі бөлігі - концерт көруге қонақтарымызды директорымыз Зулфухар Сұлтанұлы Мәжіліс залына бастап барды. Мерекелік шараның басында мың бұралған бишілеріміз «Наурыз» әсем биімен ашып, салтанатты құттықтау сөзі колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлына берілді. «Құрметті қонақтар, әріптестер, студенттер! Елімізде соңғы 3 жылда наурыз айы – «Алғыс айту» күнімен басталып, 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі, Көрісу күні сияқты ізгі дәстүрлі мерекелермен жалғасын тауып келеді. Ал, Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл, ең әуелі, ізгілік пен жақсылықтың мейрамы» деп сөзін жалғай келе, Ұлыстың күнінде бірлік пен ынтымағымыз мызғымай, жыл ырысты болуын тіледі.
Наурыз-думанның қонақтары халық жазушысы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Толымбек қажыға, колледж ардагері Левин Виктор Абрамовичке,Астана қаласының Кәсіпкерлерпалатасының экономикалық сұрақтар бойынша директордың орынбасары Сыдықов Данияр Бақтиярұлына, ҚТЖ «Жүк тасымалдау АҚ» атқарушы директоры Бейбіт мырзаға ілтипат-тілек білдіру берілді. Толымбек қажы Білім ордасында жасалып жатқан Наурыз мерекесінің осындай дүбірлі тойын ұйымдастыруда колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлына алғысын білдірді. Табиғатпен үйлесімді күн кешкен осынау мерекеде шаттық пен ырыс-молшылық төрден орын алғанына шексіз алғысын жеткізіп, батасын берді.
Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында колледжімізде қырық жылдан астам қызмет етіп, еңбек ері атанған қос ардагер ұстаздарымыз Титенков Леонид Петрович және Литвиненко Владимир Ильич сахна төріне шақырылды. Зулфухар Сұлтанұлы салихалы сексен жастарымен құттықтай отырып қарияларымызға ұлттық шапан табыстады.
Іс-шараның келесі бөлімі Марапаттау рәсіміне ұласты. «Біз Қазақстанның болашағымыз!» атты колледж оқушылары Спартакиадасы шеңберінде қазақ күресінен командалық жарыста І орынды жеңіп алған біздің команда салтанатты түрде марапатталды.
Мереке қарсаңында «Үздік безендіру» номинациясында Бас жүлде - колледждің Әкімшілік шаруашылығы бөлімі, «Ең үздік дастархан мәзірі» номинациясында Бас жүлде – «Электрбайланыс» бөлімі және де «Ең үздік ұлттық киім» аталымында Бас жүлде – Әкімшілік-шаруашылық бөлімі жеңімпаз атанды.
Қонақ-кәде сыйлығын жасаған – Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары, әншілер Асель Артакшина мен Рауан Мустафаевалар ән-жырдан шашу шашты.
Сазды шырқалған әндер қатарында «Кең далам» әні (орындаушысы – Н.Сейтмуратов), «Қазағым» әні (орындаушысы – Ернар Болғанбаев) және көрермендердің қалың қошеметіне бөленген Әжелер орындаған халық әні «Сәулем - ай» болды.
Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Асель Артакшина орындаған «Наурыз-көктем» әнімен мерекелік концерттің, шымылдығы жабылды.