Body: 

5 қазан күні №2 студенттер үйінің тәрбиешілері мен студенттерінің ұйымдастыруымен «Ұстаз болу – жүректің батырлығы!» атты мерекелік кеш өткізілді. Оған 105 студент қатысты. Студенттер кешке өте тиянақты дайындалғандарын көрсетіп, белсене ат салысты. Кеш барысында тақырыпқа сай әндер орындалып, күйлер шертіліп, өлеңдер оқылып, әзілкештер әзілі көрермендер көңілін баурады.Жүргізушілер Мухамад Оразай мен Аружан Сыздықованың екі тілде бір – бірін толықтырып, іліп әкетіп отыруына сай жасалған сценариі кеш тақырыбын толық ашып, оның көрермендерін бір демде ризашылыққа жетелеп отырды. Өнерпаздар арасында әр курстың студенттері өз өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ: 2-3 курс студенттері Мирнибеков А, Қайрат Д, Алмат Б. гитарада ойнап ән салса, 1 курстағы Сансызбаев А. құдіретті домбырадан күй құйқылжытып, Қуандық Ж. мен Сағынбек Д. өздерінің жүректерінен шыққан өлең шумақтарын оқып тебірентті.
Ал құрамында Шонкеев М., Оразай М. бар колледждің «АКТК» жайдарман құрамасы өздерінің орынды әзілдерімен көрермендер көзайымына айналды. Өте әсерлі өткен кеш соңында өнерпаздар мен залдағы көрермен бірігіп шырқаған,
қазіргі күндері студенттер үйінің гимніне айналған «Бір үйдің баласындай» әні оған әсер қосты.
Соңы бимен жалғасын тапқан бұл кештің салтанатты өтуі ұстаздарға деген ыстық ықыластың лебі екенін көрсетті.
Мерекелеріңізбен, ардақты Ұстаздар!

Заитов А.Р.