21 октября 2019
Жаңа оқу жылынан бастап колледжімізде студенттердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты белсендендіруге мүмкіндік беретін, құрамында 37 мүшесі бар «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылды. Алға қойған мақсат – жас ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен жауапкершілік, патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Клуб жанынан дәрістер, дөңгелек үстел және басқа да ағарту шараларын ұйымдастыруға қатысатын жемқорлыққа қарсы білім секциясы, бейнероликтер мен сурет байқауын өткізуге ұйытқы болатын ақпарат пен шығармашылық секциясы, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесулер өткізуге жәрдемдесетін мәдени-бұқаралық іс-шаралар секциясы құрылды. Клуб жоспарында студенттердің құқықтық білімін қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар қамтылған. Солардың бірі Колледжіміздің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған колледжішілік пікірсайыс турнирі. 2019 жылдың қазан айының 18 жұлдызында студенттер арасында «Адал білім ордасын құрудың 75 шарты» тақырыбында дебат ойындары өтті. Аталған жарыс жастар арасында бәсекеге қабілетті жаңа заман тұлғасы бейнесін қалыптастыру және қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Алғы сөзді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Г. Мырзагалиева сөз сөйлеп ашса, «Тальго» пікір-талас клубының жетекшісі Бахыт Ұланбек қатысушыларға сәттілік тіледі. Осындай форматтағы іс-шаралардың өткізілуі студенттердің шешендік қабілеттерін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге және өз көзқарасын қорғау дағдыларын игеруге мүмкіндік береді. Дебатты өткізу барысында студенттер алған теориялық білімдерін қолданды, сондай-ақ олар қандай да бір көзқарасты дәлелдейтін мысалдар мен фактілерді келтірді. Пікірталасқа 8 команда қатысты. Әр команда екі адамнан құрылды. Турнир американдық парламенттік формат бойынша өткізілді.
Пікірсайыстың нәтижесінде Баеке Жансая (1РЭС-419 оқу тобы) және Оспанова Дананың (ПОВТ-218 оқу тобы) «Саяна» фракциясы жеңімпаз атанды. Қатысушылар грамоталар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Адал ұрпақ» клубының жетекшісі Г.Чалгинбаева