11 ноября 2019
2019 жылдың 8 қарашасы күні Жоғары көлік және коммуникация колледжінің мәжіліс залында 1-4 курс студенттерінің ата-аналарына арналған ауқымды жиналыс өткізілді. Биылғы ата-аналар жиналысына колледждің әлеуметтік педагогы Нұрқабыл Гүлден Жеткергенқызы, колледждің медициналық қызметкері Майраш Дюсеновна Исмаиловамен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа АІІБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Дощанова Нэлля Нураллаевна мен «Саналы өмір» қоғамдық әлеуметтік фондының әдіскери-кеңесшісі Зайцева Светлана Анатольевна қатысып күн тәртібінде көрсетілген сұрақтар бойынша кеңіне мағлұмат берді.работе Ең алдымен кіріспе сөзді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Г. Мырзагалиева бастады. Ол колледжде болып жатқан жаңалықтармен кеңінен таныстырып, биыл колледждің 75 жылдық мерейтойы жарияланғандығы жайлы ерекше атап өтті. Жаңа «Логистика» мамандығы ашылғандығы, бұл мамандықта «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша студенттер оқитындығы және 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша «Ең үздік колледж» атанып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің грантын ұтып алғандығымен хабарлай келе қатысушыларды жиналыстың күн тәртібімен таныстырды.
Күн тәртібіндегі 1-сұрақ бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа АІІБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Дощанова Нэлля Нураллаевна сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі №235 әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар туралы айта келіп, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтың кәмелет жасқа толмағандар арасында қалай қолданылатындығы туралы айтты. Сонымен қатар, кодекстегі 127-бапқа «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы», «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» деген 442-баптарға тоқталып түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сөз кезегін алған колледждің әлеуметтік педагогы Нұрқабыл Гүлден Жеткергенқызы «Арнайы санаттағы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек» туралы ата-аналарға кеңінен ақпарат берді. Баяндама ҚР 12- наурызда қабылданған №320 қаулысы бойынша әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидалары, әлеуметтік көмек беру мөлшері, көздері және түрлерім аясында қарастырылды. Жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың қамқоршыларына әлеуметтік көмек алуға құқылы екендігін хабардар етті. Күн тәртібіндегі 3-сұрақ бойынша «Саналы өмір» қоғамдық әлеуметтік фондының әдіскери-кеңесшісі Зайцева Светлана Анатольевна «Бақытты ата-ана – бақытты балалар!» тақырыбында ата-аналарға арнайы дәріс өткізді. Жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктерінің қалыптасуына тікелей әсер етуші ата-ана екендігі мен отбасындағы қарым-қатынас жайма-шуақ сыйластыққа құрылса, жасөспірімнің де қоғамда өзін ұстауы жауапкершілік пен адамгершілікке негізделетінін баса айта кетті. Әр баланың жүріс-тұрысындағы өзгерістерді, қарым-қатынас жасаудағы тұйық мінез, сөйлеуден тыйылу сияқты белгілерге аса назар аудару қажеттігі айтылды. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін ата-ана мен колледж болып ынтымақтасып атсалысу қажеттігін ескертті. Денсаулық мәселесі бойынша сөз алған колледждің медициналық қызметкері Майраш Дюсеновна Исмаилова «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында әңгіме жүргізді. Ерте жүктіліктің физиологиялық тұрғыдан жас ағзаның оған әлі дайын еместігі, әлеуметтік тұрғыдан бей-берекет жыныстық қатынасқа түсетін қыз балаларды күтіп тұрған қиындықтар жайлы, ер балалардың өзіндік тұрғыдан тигізетін әсері мен салдары талқыланды. Ата-аналар тарапынан қыз және ер бала тәрбиесіне жіті бақылау жасау арқылы бұл әрекеттің алдын-алуға болатындығы мен болып қалған жағдайда да қалай әсер ете алатындығына баса назар аудартылды.
Жиналыс соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мырзагалиева Г.Г. сөз сөйлеп, жиналысқа қатысушыларды колледждің ата-аналар комитетінің ережесімен таныстырды. Сонымен қатар, ережеге сәйкес ата-аналар комитеті мүшелері дауыс беру арқылы сайланды.
Педагог-психолог Универкызы Гылым