Body: 

Қараша айының 28-і күні «Álipbı jańǵyrý qaınary» тақырыбында колледжімізде латын әліпбиін енгізу туралы семинар өткізілді. Семинар жұмысына бекітілген топта сабақ беретін оқытушылар, колледж оқытушыларымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім беруді жаңғырту орталығының бөлім меңгерушілері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары, «Руханият» орталығынан шақырылған қонақтар қатысты.
Семинар жұмысының мақсаты - 1ОПУД-219 эксперименттік тобында «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» пәндеріне латын алфавитін енгізу бойынша атқарылған іс-шаралармен таныстыру, жетістіктер мен қиындықтар, әдістемелік қолдау көрсету болды.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Есенбекова А.Е. алғысөзінде оқу жылының барысында латын алфавитін енгізу бойынша атқарылған және алда жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Семинарға қатысқан Білім беруді жаңғырту орталығының бөлім меңгерушісі Шаяханова Р.А. Нұр-Сұлтан қаласының білім кеңістігінде латын алфавитін енгізу аясында атқарылған және жоспарланған жұмыстармен, қалалық іс-шаралардың ұйымдастырылуы туралы сөз қозғады.

Елордамызда 2019-2020 оқу жылында 5 мектеп, 5 колледж эксперименттік аймаққа қосылғандығын атап өтті. Латын алфавитіне көшу - маңызды қадам дей отырып, қала колледждері арасынан бірінші рет семинар ұйымдастырып отырған біздің оқу орнының әкімшілігіне басқарма атынан алғысын білдірді.
Семинардың бірінші бөлімінде колледж кітапханашысы Омарова М.М. латын алфавитінің тарихына терең бойлап, мазмұнды баяндама жасады.
Семинардың екінші бөлімінде қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ахметова Г.К. өткізілген сабақтардан бейнебаяндар көрсетіп, өзінің латын алфавитін енгізу әдістемесін меңгеруі; студенттердің атқарған жұмыстары, жеткен жетістіктері мен кездесетін қиыншылықтары бойынша ойын ортаға салды.
Қазақстан тарихы пәнінің оқытушысы Ахметова А.Т. сабағынан бейне үзінділер көрсете отырып, тарих пәнінде латын алфавитін енгізудің тиімді жаңаша әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы студенттердің қызығушылықтарын арттырудың жолдарын көрсетті.
Химия пәнінің оқытушысы Касымбекова А.А. латын алфавиті химиялық атаулар мен Д.И.Менделеевтің химиялық элементтер кестесінде кездесетіндіктен, жаңа алфавитті енгізу еш қиындықтар туғызбағанын айтты. Химия және биология пәндерінен дайындалған глоссарий үлгісін көрсетті.
Семинар қонағы «Руханият» орталығының оқытушысы Естемисова С.Б. латын алфавиті туралы толыққанды мағлұмат берді. Орталықтың идеология бөлімінің басшысы Е.Ерболатұлы кездесетін қиыншылықтармен бірге латын алфавитін енгізудің тиімді тұстарын да атап өтті. Колледж оқытушылары тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.

Әдіскер: Ж.Т.Мылтыкбаева