Body: 



Добавил(а) Администратор 27 февраля 2020



«Мен Сізге алғыс айтамын!»


2020 жылғы 27 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жоғары көлік және коммуникация колледжі» ұжымы оқытушылары және студенттері колледждің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Алғыс айту күніне арналған «Мен Сізге алғыс айтамын» тақырыбында танымал тұлғамен кездесу өткізді. Кездесу қонағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері», ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», «Үздік балалар жазушысы», Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданының құрметті азаматы, «Астана ұстазы» журналының бас редакторы - Толымбек Әбдірайым. Кездесудің алғы сөзін колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Есенбекова Алтынай Есенбековна жазушыны және колледж ұжымын Алғыс айту күнімен құттықтап, жазушының ортамызға уақыт тауып келгеніне алғысын білдірді.

Кездесу кешін жүргізуші колледждің көркемдік жетекшісі Нұрболат Сейтқалиұлы ерекше құрметпен Толымбек Әбдірайымға сөз кезегін берді. Толымбек Әбдірайым өзінің жазушылық өмірінен сыр шертті. Оқырман жүрегінен орын алған шығармаларының жазылу тарихы мен мазмұны жайында кеңінен әңгіме қозғады. Алғашқы қалам тербеу сәтін, өміріндегі айтулы оқиғалар мен қызықты жайттарды баяндады. Сұхбат кезінде жазушы туралы слайдтар көрсетілді. Колледж студенттері қаламгермен емен-жарқын сырласты. Өздерінің оқыған әдеби туындылары, одан алған әсерлерімен бөлісті. Сөз арасында жазушыға сұрақтар қойып, кештің көркін қыздыра түсті. Әңгіме аясында Толымбек Әбдірайым сонымен қатар қазіргі әдебиет, оқушылар оқулығындағы шығармалар туралы айтып берді. Студенттер жазушының әңгімелеріне тоқталды. Өнерге, әдебиетке жүрегі жақын колледж студенті Байқадамов Нұржан жазушының «Тосын сый» әңгімесін көрермендерге тарту етті. Жас ақын жазушыға арнау өлеңін жеткізді. Кездесуді қорытындылаған Нұрболат Сейтқалиұлы қалам иесіне естелік сыйлық тапсырып, шығармашылық табыс тіледі. Студенттер жазушыдан естелікке қолтаңба алды. Кездесу соңы студенттер әзірлеген концертке ұласты.


Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Г.Базилбаева