Body: 





Отступ первой строки


Добавил(а) Администратор 02 марта 2020 г.



«Директордың КУБОГЫ»


Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 75 жылдық мерейтойына орай «75 – игі істер» іс-шарасы аясында 2020 жылғы 28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері арасында «Директордың КУБОГЫ» үшін «Күлкі сыйла» атты көңілді тапқырлар байқауы ұйымдастырылды.

75 жылдық тарихы бар білім ордасында өткізілген байқаудың басты мақсаты - жастардың бойында патриоттық сезімдерін қалыптастыру, рухани және мәдени құндылықтарды дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және жас дарындарды анықтап қолдау.

Елордамыздағы колледж студенттері арасында өткізілген сәні мен салтанаты жарасқан айтулы шараға қаламыздың 15 колледжінен 17 құрама өтініш білдіріп, олардың ең таңдаулысы көрермен алдында өнер көрсетті. Жайдарман ойындарының фестиваль форматында өткен байқауда әр құрамаға «Сәлемдесу» шартына сай 7 минут берілді. Осы уақыт ішінде көрерменнің көңілінен шығып, қазылардың сынына ұшырамаған топтар жүлделі орындарды иеленді.

Қазылар алқасы ретінде Қазақстан КВН одағы РЖҚБ жайдарман ойындарының бас әкімгері – Курбанов Фурхат, «Астана жастары» КММ ұйымдастыру бөлімінің басшысы – Сапарәлі Арайлым, Жастар мен жасөспірімдерге арналған бірнеше бағдарламалардың авторы, №2 студенттер үйінің тәрбиешісі – Заитов Алмас, 2019 жылғы Жайдарман ойындарының Жоғары лига чемпионы – Тұрсынғалиев Қуаныш, Жоғары лиганың «Евразиат» құрамасының ойыншысы – Байдулла Нұрғали сынды жастарға танымал жайдарман жұлдыздары қатысушыларға төрелік етті.

Тартысқа толы сайыстың нәтижесі бойынша жүлделі ІІІ-орынды Медициналық техникалық колледждің «МТК» құрамасы еншілеп, диплом мен 10 000тг сертификатына ие болды. Ал ІІ-орынды Гуманитарлық колледждің «Жаңа құрам» құрамасы иеленіп, диплом мен 15 000тг сертификатын еншіледі. Байқаудың І-орнын және чемпиондық «Директор КУБОГЫН» Жоғары көлік және коммуникация колледжінің «АКТК» құрамасы қанжығасына байлады. Байқау жеңімпазына 20 000тг сертификаты қоса тапсырылды.

«Үздік ойыншы» ретінді Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің «Болашақ аспаздар» құрамасының ойыншысы Берден Ақерке танылды.

«Ал колледжіміздің тағы бір құрамасы әсерлі ойын көрсеткені үшін «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.

Байқау соңында әділқазы алқалары іс-шараны жоғары деңгейде өткізгендері үшін колледж басшылығы мен ұжымға зор алғысын білдірді.


Директордың ТІЖ орынбасары Г.Мырзагалиева