Добавил(а) Администратор 29 августа 2020 г.
Мемлекеттің темірқазығы – Ата заң
Ата Заңымыз – Конституцияға биыл 25 жыл толып отыр. Басқа дамыған мемлекеттер үшін ширек ғасыр аз уақыт шығар, ал біз үшін осы жылдар жасампаздық пен мемлекетіміздің қалыптасу жылдары болды деҚазақ халқы мемлекет құрушы ұлт ретінде отанымызды мекендеген барлық ұлттарды бауырына тартып, өзінің дархандығын танытты, бейбіт азаматтық қоғам орнатты. Соның арқасында айрандай ұйыған, әлемдік қауымдастық толық мойындаған демократиялы, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет құрдық. Қазақ елінде заң үстемдігін орнатамыз десек, ең алдымен Конституцияны және осыған негізделген барлық заңдар мен өзгеде құқықтық актілерді бұлжытпай орындап, сақтай білуіміз керек.
Қазақ мемлекеті өзінің жаңа тарихи дамуында республикалық мемлекеттік түрге ауысқалы КСРО заманында 3 рет (Қазақ АКСР Конституциясы 1926 жылы, Қазақ КСР Конституциясы 1937 жылы, Қазақ КСР Конституциясы 1978 жылы), ал егемендік алғаннан кейін 1993 жылы және 1995 жылы 30 тамызда жалпыұлттық референдум негізінде қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдады.
1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – оның мазмұнының сапасында еді. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынған болатын.
Жаңа Конституция әлемдік өркениеттің ең жоғары құндылықтарын бойына сіңірді. Сонымен бірге бұл Қазақстанның жаңа тарихындағы ең озық үлгідегі бүкілхалықтық референдумда қабылданған негізгі заң болды. Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Оның демократиялығы ең алдымен, мемлекеттегі биліктің қайнар көзі халық екендігінен көрінеді.
Басты құжатымыз Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген, яғни халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – ел тәуелсіздігінің көрінісі.
Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап оның ажырамас құқықтарына да қатысты талаптар енді, яғни қолданыстағы Ата Заңда адамның табиғи құқықтарының үстем болуы – мемлекет қызметінің негізгі бағыты десек еш қателеспейміз.
Қазіргі Ата Заңда Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, биліктің үш тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім де өзгерістерге ұшырады.
Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік кеңесінің мүшелері және Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген негізгі заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция болды. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 миллионнан аса азамат қатысыпты.
Тағы бір айта кететін дерек, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі Ата Заңымыздың қалыптасуы мен қабылдануына тікелей атсалысты. Дамыған Еуропа мен Азия және Америкадағы 20-дан аса мемлекеттердің Конституцияларын саралап, өз ұсынысымен жаңа Конституцияның жобасын 1994 жылы Әділет министрлігіне тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалаған еді. Бүгінде 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторлары – Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп толық сеніммен айтуға болады.
1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдумға сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Халықтың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырады.
Осылайша дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың басты кепілі болды. Сонымен қатар қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
Әлемді жайлаған пандемия жағдайында да мемлекетіміз Конституцияда көрсетілгендей әлеуметтік мемлекет екенін толық дәлелдеп шықты. Қоғамдағы аз қамтылған отбасылар мен әлсіз топтарды әлеуметтік жағынан қолдап, ерекше көмек көрсетті. Осы мақсатта мемлекеттік қордан қыруар қаржы бөлінді. Соның арқасында еліміз біртіндеп бұл нәубеттен де абыроймен шығып келеді.
Ең бастысы, Қазақстан мемлекетінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді. Келешекте заман ағымына қарай Ата Заңымыздың өзгеріске ұшырауы – заңды құбылыс. Бірақ біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану, құрметтеп қорғау, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау. Бұл – еліміздегі әрбір азаматтың міндеті мен парызы.
Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ. Баршаңызды Конституцияның 25 жылдығымен құттықтай отырып, еліміздің іргесі аман, келешегі кемел болсын, мемлекетіміздің негізі – Ата Заңымыз жасампаз болсын дегім келеді.сек, еш қателеспейміз.
Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
Жоғары көлік және коммуникация
колледжінің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының депутаты
https://www.astana-akshamy.kz/memleketting-temirqazyghy-ata-zang/