Body: 





Отступ первой строки


Добавил(а) Администратор 30 августа 2020 г.



З.Ғайыпов: Конституция – мемлекет ретінде дамуымыздың басты кепілі

ҚР Конституциясының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Елорда Инфо тілшісі Саяси ғылымдар докторы, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Зулфухар Ғайыповпен сұхбат құрды.

– Зулфухар Сұлтанұлы, Конституция күні құтты болсын! 25 жылдық тарихы бар Ата заңымызға дейін ата-бабаларымыздың дала демократиясына бас ұрғаны баршаға аян. Егемендік алғаннан соң Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы Конституция 1993 жылы қабылданды. Ал 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың ел тарихындағы бұрынғы Конституцияларымыздан қандай артықшылығы бар?

– Биыл – еліміз үшін айтулы мерекелерге толы жыл. Соның бірі де бірегейі – Бас заңымыз Конституцияға 25 жылдық мерейтойы. Ширек ғасыр басқа дамыған мемлекеттер үшін аз уақыт шығар, ал біз үшін осы жылдар жасампаздық пен мемлекетіміздің қалыптасу жылдары болды десек, еш қателеспейміз. Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт ретінде отанымызды мекендеген барлық ұлттарды бауырына тартып, өзінің дархандығын таныта отырып, бейбітшіл азаматтық қоғам орнатты. Соның арқасында айрандай ұйыған әлемдік қауымдастық толық мойындаған демократиялы, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет құрдық. Қазақ елінде заң үстемдігін орнатамыз десек, ең алдымен Конституцияны және осыған негізделген барлық заңдармен өзгеде құқықтық актілерді бұлжытпай орындап сақтай білуіміз керек.

Аз-кем тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы – қай заманда болса да, сөзге тоқтаған, сөз қадірін білген халық. Содан да болар батыс ғалымдары айтып жүрген «дала демократиясына» сүйенген қазақ елі ежелден салт-дәстүр, белігілі заң қағидаларын басшылыққа алған билер институты арқылы қоғамдық-тұрмыстық мәселелерін реттеп отырған. Дана халқымызда «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген сөз тіркестері әлі күнге дейін ескірмей келеді. Ал әз Тәукенің тұсында алғаш рет «Жеті жарғыны» қабылдап, қазақ қоғамын алғаш рет тұрмыстық-қоғамдық қатынастарды реттеу үшін заң қабылдап, билер институтын құрған болатын.

Қазақ мемлекеті өзінің жаңа тарихи дамуында республикалық мемлекеттік түрге ауысқалы КСРО заманында 3 рет (Қазақ АКСР Конституциясы 1926 жылы, Қазақ КСР Конституциясы 1937 жылы, Қазақ КСР Конституциясы 1978 жылы), ал егемендік алғаннан кейін 1993 жылы және 1995 жылы 30 тамызда жалпы ұлттық референдум негізінде қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдады. Яғни өз тарихында елімізде 5 рет Конституция қабылданды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.

Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынған болатын. Сол кезде біз мықты президенттік басқару формасындағы билікті таңдамағанда, осы қазіргі кездегі жетістіктерге жетіуіміздің өзі екіталай болар еді деп ойлаймын.

– Елбасы өзінің кітаптарының бірінде әлемнің дамыған және дамушы 20 елінің Конституциясына сүйене отырып, қазақ ұлтының құндылықтарына сай келетіндей ой түйіп, Ата Заңымызды қабылдағанын жазды. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Ата Заңымыз дүниежүзі елдеріндегі ең үздік 50 Конституцияның қатарына енген екен. Бұл ретте біздің Конституциямыз несімен ерекшеленеді деп айтар едіңіз?

– Жаңа Конституция әлемдік өркениеттің ең жоғары құндылықтарын бойына сіңірді. Сонымен бірге, бұл Қазақстанның жаңа тарихындағы ең озық үлгідегі бүкілхалықтық референдумда қабылданған Негізгі заң болды. Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның I бөлімі, Жалпы ережелер тармағының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Оның демократиялылығы ең алдымен, мемлекеттегі биліктің қайнар көзі халық екендігінен көрінеді. Басты құжатымыз Конституцияның 3-бабы, 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген, яғни халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – ел тәуелсіздігінің көрінісі.

Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың жалпы құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап оның ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді, яғни қолданыстағы Ата Заңда адамның табиғи құқықтарының үстем болуы – мемлекет қызметінің негізгі бағыты десек, еш қателеспейміз.

Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері және Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция болды. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам азаматтар қатысыпты.

Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 886 ұсыныс түскен болса, соның 1 101-і конституция жобасына енгізілді. Бұл жөнінде Елбасымыз «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын. Бұл егеменді елдің тарихында бұқараның талқылауынан өткен нағыз халықтық Конституцияның көрінісі болды.

– Ата Заңымызға 2017 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты саясаттанушылар бұл құжатқа «Күшті Президент. Беделді Парламент. Жауапкершілігі зор Үкімет» деген баға берген болатын. Сіздің бұған қандай да бір алып-қосарыңыз бар ма?

– Қолданыстағы Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың басты кепілі болды. Сонымен қатар бұл Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.

– АҚШ-тың үшінші президенті Томмас Джефферсон: «Бірде-бір қоғам мәңгілік Конституцияны және мәңгілік заңды жасай алмайды» деген екен. Алайда Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген заңгері, профессор Валерий Невинский: «Конституцияға көп өзгеріс енгізуге болмайды. Мысалы, 1990-1993 жылдары Ресей Федерациясының Конституциясына 300 рет өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, нәтижесінде мемлекеттің басты құжаты құрақ көрпеге ұқсап кетті. Яғни Конституция мазмұнында бір-біріне қарама-қайшы тұстары пайда болды» деген пікір білдіріпті. Сіз бұған не дейсіз?

– Сұрағыңыз өте орынды. АҚШ-тың үшінші президенті Томмас Джефферсонды америкалықтардың өздері де Америка конституциясының аталарының бірі деп қабылдайды. Иә, еш мемлекет, еш қоғам, еш уақытта универсиалды заң қабылдамайды және ол мүмкін емес. Томмас Джефферсон АҚШ-тың қазіргі қолданыстағы Бас заңын жазып дайындау барысында адамзат баласына көктен түскен екі қасиетті кітаптың бірі қасиетті Құран кітабын негізге алған екен. Оны мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Томмас Джефферсонның өзі күнделіктерінде жазып қалдырған. Осы қасиетті кітаптарда адамзат баласына айтылған негізгі постулаттарды барлық қоғам мүшелері қатаң сақтаса, әрине, қоғам барынша ізгілікті болар еді. Міне, осыдан да болар, АҚШ-тың қолданыстағы Конституциясы жасампаз әрі өміршең.

КСРО кезіндегі Конституциялар барынша саясиланған болатын. «Барлығы мемлекет үшін» деп, ал адамның табиғи құқықтары екінші кезекке қалдырылды. Ал біздің елдегі қазіргі қолданыстағы Ата Заңда бәрі, керісінше тұр, яғни адамның табиғи құндылықтары барынша абсолюттік деп танылған. Тағы да Сіздің Қазақстан Республикасындағы қазіргі қолданыстағы заңының әлемдегі ең озық конституциялар қатарына енген деген сөзіңіздің жауабы да осы.

Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негізін қалап берді. Келешекте заман ағымына қарай Ата Заңымыздың өзгеріске ұшырауы ол – заңды құбылыс. Бірақ біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану, құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.

– Сіздің ойыңызша, Конституция күні мерекесі қандай деңгейде аталып өтуі керек? Тәуелсіздік күні мен Тәуелсіздігіміздің діңгегіне айналған, елдің әр азаматының құқығы мен бостандығын қорғайтын мемлекеттің басты құжаты, яғни Ата Заң күні басқа мерекелердің көлеңкесінде қалып қойып жатқан жоқ па?

– Біріншіден, Елімізде Конституция күні мемлекетік мерекелер тізбесінде тұр. Тәуелсіздік күні мен Тәуелсіздігіміздің діңгегіне айналған, елдің әр азаматының құқығы мен бостандығын қорғайтын мемлекеттің басты құжаты, яғни Ата Заң күні басқа мерекелердің көлеңкесінде қалып қойған жоқ, яғни біз формасын сақтап келеміз. Екіншіден, сіздің айтып отырған мәселеңіз ол мерекенің мазмұнында болып тұр. Әрине, бұл жерде әлі де ойланатын дүниелер көп. Мысалы, мен Түркияда бірнеше рет болдым. 29 қазан сол елдің мемлекет күні деп жарияланған. Сол күні еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қолдарына байрақтарын алып, салтанатты шеруге шығады. Оларға «сен міндетті түрде шеруге шық» деп ешкім де айтпайды. Ол – бір дәстүр сияқты қалыптасқан дүние. Бұл – әрине, мықты идеологияның жемісі мен көрінісі. Осы тектес сұрақтар тікелей біздің идеологияға жауапты мемлекеттік мекемелер мен министірлікке қатысты.

Қорыта айтқанда, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ. Баршаңызды Конституцияның 25 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, еліміздің іргесі аман, келешегі кемелді заман болсын, мемлекетіміздің темірқазығы Ата Заңымыз жасампаз болсын дегім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!



https://elorda.info/qazaq/azamattar/30082020/113349/33795.html/33795