Добавил(а) Администратор 30 августа 2020 г.
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ «ӘДІЛДІККЕ ҮНДЕГЕН ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ» ТАҚЫРЫБЫНДА АДАЛДЫҚ САҒАТЫМЕН БАСТАЛДЫ
Білім күніне орай еліміздің барлық оқу орындарында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен бірыңғай онлайн жалпы республикалық «Адалдық сағаты» өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық, әділдік, парасаттылық пен сенім сынды маңызды адамгершілік құндылықтарды сіңіру.
Онлайн-дәріс Тұран даласының ХІІ ғасырдағы ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидың адалдық қағидаларын түсіндіруге арналған.
Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстан аумағында таралуына сүбелі үлес қосқан шоқтығы биік тұлғалардың бірі - Қожа Ахмет Ясауи. Өйткені оның еңбектері мен даналық хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін төмендеген емес.
Бейне-дәрісте оқушылар мен студенттер Қожа Ахмет Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикметпен» танысты.
«Диуани хикметтің» қай бетін ашсақ та, әрбір сөзінің астарынан ұлылық, парасаттылық, даналықтың ішкі иірімдері, ел жұртын адалдыққа бастаған таза ниет байқалып тұратындығы айтылды.
Аса ойшыл жанның біздерге қатты ескертіп тапсырып кеткен ең бір аяулы өсиеті – адал еңбек екендігі, кімде-кім аянбай жұмыс жасап тер төксе, ол жанның бағы әйтеуір бірде болмаса, бірде жанатындығы тілге тиек етілді.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» деп тап өткен.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен бейне-сабақ республикалық және өңірлік телеарналар эфирінде көрсетіліп, сондай-ақ Агенттіктің Youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырылды.
ХІІ ғасырдағы ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидың адалдық қағидаларын түсіндіруге арналған бейне-дәріс Жоғары көлік және коммуникация колледжінің ресми сайтына орналастырылды. Колледж ұжымы мен студенттер қауымы танысып, бейне-пікірлерін колледждің instagram әлеуметтік желісіне жіберді.
Әлеуметтік-гуманитарлық
пәндерінің оқытушысы Г. Чалгинбаева