Body: 

Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП 100 студенті

2020 жылдың қыркүйегінен бастап «Талап» КЕАҚ талантты жастарды қолдап, білімі мен дарынының арқасында жетістікке жеткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік студенттерін және олардың жұмыс біліктілігін танымал ету мақсатында «Қазақстан Республикасының ТОП 100 колледж студенттері» жобасын бастаған болатын. Аталмыш жобаға біздің колледжіміздің төрт студенті қатысып, бақтарын сынады. Алғашқы екі студентіміз Ерхан Бағдаулет пен Жұмабек Оралжан аймақтық кезеңге дейін жетіп арнайы грамотамен сертификат еншілеп «ТОП-100 студент» кітабына енді. Ал Құрманаева Әсел мен Ералханұлы Арнұр Республикалық кезеңге жолдама алып, еліміздің түпкір түпкірінен келген үздіктермен бәсекеге түсті. Сайдың тасындай іріктеліп, сан тараптан жиналған кіл мықтының арасында, жетістіктері мол біздің шәкірттеріміздің шоқтығы биік тұрды.
2020 жылғы 12 қазаннан 20 қазанға дейін интернет желісінде онлайн дауыс беру арқылы өткен іріктеу нәтижесі бойынша Қазақстан колледждерінің таңдаулы 100 студентінің бірі болып Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 3 курс студенті Құрманаева Әсел танылды. Білімімен білігі қатар озған өнерлі қызымыз Әселдің шығармашылығына көзайым болған жұрт, қазақ даласының сан тарабынан дауыстарын беріп «Үздік колледждің үздік студентіне» барынша қолдау көрсетті.
Салмақты додада салтанатымызды түсірмей, колледждің намысын қорғап, атымызды шығарған студентімізге жеңісті күндер көп болсын, абыройың асқақтап, алаш елінің ардақты аруы атан демекпіз!
Жеңісіміз құтты болсын!!!


«Жастар» комитетінің инспекторы Ұ.Бақыт