Body: 

Ата-аналар жиналысы


   2020 жылдың 11 желтоқсан күні Жоғары көлік және коммуникация колледжінің тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен 1-4 курс студенттерінің ата-аналарына арналған ZOOM платформасы арқылы ауқымды жиналыс өткізілді.
Ең алдымен кіріспе сөзді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Г. Мырзагалиева бастады. Ол колледжде болып жатқан жаңалықтармен кеңінен таныстырып, биыл колледждің 75 жылдық мерейтойы аталып өткені жайлы хабарлай келе қатысушыларды жиналыстың күн тәртібімен таныстырды. Биылғы ата-аналар жиналысына колледждің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гульмира Галиаскаровна Мырзагалиева, колледждің педагог-психологы Кулян Абылхаковна Мусинамен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа АПБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің қызметкері, полиция майоры Римма Ринатовна Берекетова мен «№5 отбасылық денсаулық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің участкелік дәрігері Айдын Түзелбайқызы Бекзат қатысып күн тәртібінде көрсетілген сұрақтар бойынша кеңіне мағлұмат берді.
Күн тәртібіндегі 1-сұрақ бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа АПБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Берекетова Римма Ринатовна сөз сөйледі. «Студенттер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы баяндама жасады. Ол өз сөзінде ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі №235 әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар туралы айта келіп, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтың кәмелет жасқа толмағандар арасында қалай қолданылатындығы туралы айтты. Сонымен қатар, кодекстегі 127-бапқа «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы», «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» деген 442-баптарға тоқталып түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
1 сұрақ бойынша қосымша Сарыарқа АПБ ЖПҚБ ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Бақытжан Нұрбайұлы Ахметов психотропты заттар мен аналогтармен ата-аналарды таңыстырып, бейнеролик назарларына ұсынды.
Сөз кезегін алған колледждің педагог-психологы Мусина Кулян Абылхаковна «Жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері» туралы ата-аналарға кеңінен ақпарат берді. Жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктерінің қалыптасуына тікелей әсер етуші ата-ана екендігі мен отбасындағы қарым-қатынас жайма-шуақ сыйластыққа құрылса, жасөспірімнің де қоғамда өзін ұстауы жауапкершілік пен адамгершілікке негізделетінін баса айта кетті. Әр баланың жүріс-тұрысындағы өзгерістерді, қарым-қатынас жасаудағы тұйық мінез, сөйлеуден тыйылу сияқты белгілерге аса назар аудару қажеттігі айтылды. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін ата-ана мен колледж болып ынтымақтасып атсалысу қажеттігін ескертті.
Денсаулық мәселесі бойынша сөз алған отбасылық денсаулық орталығының дәрігері Бекзат Айдын Түзелбайқызы «Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау» тақырыбында әңгіме жүргізді. Ерте жүктіліктің физиологиялық тұрғыдан жас ағзаның оған әлі дайын еместігі, әлеуметтік тұрғыдан бей-берекет жыныстық қатынасқа түсетін қыз балаларды күтіп тұрған қиындықтар жайлы, ер балалардың өзіндік тұрғыдан тигізетін әсері мен салдары талқыланды. Ата-аналар тарапынан қыз және ер бала тәрбиесіне жіті бақылау жасау арқылы бұл әрекеттің алдын-алуға болатындығы мен болып қалған жағдайда да қалай әсер ете алатындығына баса назар аудартылды.
Төртінші сұрақ бойынша директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мырзагалиева Г.Г. сөз сөйлеп, мерекелік және демалыс күндер қарсаңында өмір қауіпсіздігі жөнінде нұсқаулық өткізді. Ата-аналарға балалары бұқаралық іс-шаралар кезінде және көп адамдар жаппай жиналатын жерлерде қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелерін сақтау, өрт қауіпсіздігі ережелерін, электр құрылғыларымен жұмыс істеу ережелерін, қыста қауіпсіздік ережелерін (ашық суда, мұзда, қарлы боранда) сақтау туралы ескертті. Балаларды жалдамалы пәтерлерде немесе коттедждерде кештерге баруға немесе ұйымдастыруға жол бермеуді сұрады.
Жиналыс соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гульмира Галиаскаровна колледже «Таза сессия» акциясы өтіп жатқаны жөнінде ата-аналарға айтып өтті. Бұл акцияның мақсаты білім беру саласындағы жемқорлықтың алдын алу. Студенттермен оқытушылар арасындағы алыс берістің зиянымен жәй жапсары туралы толық мәлімет беріп, ата-аналарға, жастар - жемқорлықтан сақтану керектігін қатаң ескертті. Жемқорлыққа қатысы болған әр адам, яғни алушы және беруші тараптың екеуі де Қазақстан Республикасының ата заңымен жазаланатыны туралы айтып, конституцияның бірнеше баптарына тоқталды.



Педагог-психолог Универкызы Гылым