Body: 

Жуырда Заңға енгізілген жаңа түзетулер ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім) беру деңгейін де қамтығанын айтқан болатынмын.

  

Жаңа өзгерістер туралы толығырақ тарқатып өтейін.

1. Енді студенттердің дуалды жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады.
Бұл колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады.

2. Бекітілген заңнамаға сәйкес уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды.

Бұған дейін біз әр біліктіліктер бойынша білім алу мерзімдерін қатаң бекітетінбіз.
Орташа есеппен алғанда, оқу мерзімі 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасатын.
Енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады. Кейін оны ҚР БҒМ бағдарламаларының тізіліміне қосып, соған байланысты кадрлар дайындайды. Осылайша, жұмысшы және орта буын мамандарын даярлауда колледждердің икемділігі арта түседі.

Яғни, колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын өздері қалыптастыратын болады.
Оқу жоспарлары мен бағдарламалары жастарға қажетті біліктіліктер алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға жағдай жасайды, сондай-ақ олар қажет болған кезде оқуға қайта оралып, басқа да қосымша біліктіліктер мен дағдыларды меңгере алады.

Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді. ТжКБ жүйесі оқу аяқталғанға дейін іс жүзінде жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады. Айтпақшы, бұған дейін дәл осындай норма академиялық дербестікті кеңейту шеңберінде жоғары білім беру жүйесінде де қабылданып, өзінің тиімділігін көрсеткен болатын.

3. Колледж өкілдері көтерген тағы бір мәселе шешімін тапты. Енді колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады.

Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын.
Енді олар өз қолымен дайындаған өнімдерін (жұмыстарын, қызметтерін) сата алады және түскен табыс есебінен шеберханалар үшін қосымша шығын материалдарын сатып алуына болады.

Оқу тәжірибесі кезінде студенттер дайындаған өнімдерді сатуға рұқсат беру арқылы өндірістік оқытудың сапасын арттыруға болады.
Тұтастай алғанда, мұны кадрларды даярлау сапасын арттыру үшін жасалған ынталандыру ретінде де қарастыруға болады.

4. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарына қарасты біраз колледждер жұмыс істейді, бірақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол оқу орындары бюджет есебінен кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс ала алмайды.
Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мәселе оң шешімін тапты.

5. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін колледждердің аккредиттеуден өтуіне қатысты талаптар алынып тасталды.
Бұл процедура айтарлықтай бюджеттік шығындарды талап ететін.
Енді ТжКБ ұйымдары уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келген жағдайда аккредиттеуден өтпей-ақ мемлекеттік тапсырысты орналастыру рәсіміне қатыса алады.

Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі болашақ мамандарды неғұрлым икемді, бейімделгіш, тиімді етіп және жұмыс орындарында талап етілетін құзыреттерді барынша үйретуге дағдылануы тиіс.
Сілтеме: https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=10217753142036538&id=1120704037