Body: 





Отступ первой строки


«Бірге» платформасы халық пен биліктің алтын көпірі болады деп ойлаймын – Зулфухар Ғайыпов

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бір жылдық есебін тыңдадық. Алтай Сейдірұлы бірқатар салаға жіті тоқталды. Соның ішінде құрылыс саласында бұрын-соңды болмаған үлкен көрсеткішке жеттік. Атап айтқанда, қаламызда үлескерлер мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл жөнінде әкімдік тарапынан үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мен бұл туралы қалалық мәслихаттың алтыншы шақырылым депутаты ретінде жақсы білемін. Осы ретте Алтай Сейдірұлының үлескерлер мәселесін мемлекеттік бағдарламаға кіргізуін үлкен жеңіс деп айтуға болады. Себебі бұған дейінгі бірнеше әкімнің тұсында шешілмей келген мәселе қазіргі қала басшылығы кезінде шешімін тапты. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы құрылысы аяқталмаған проблемалы нысандар саны 52 болса, бүгінде соның 20-сы қалды. Одан бөлек өткен жылдармен салыстырғанда тұрғын үйлер де көптеп салынып жатыр. Басқа қалалармен салыстырғанда тұрғын үй құрылысы жағынан Нұр-Сұлтан көш бастап тұр. Әрине, елдің бас қаласы болғаннан кейін барлық халықтың назары елордаға ауып тұрғаны белгілі. Біз де астанаға қарап, көңіліміз марқаяды», – деді Зулфухар Ғайыпов.

Оның айтуынша, астананың дамуы бүкіл еліміздің дамуының бірден-бір көрсеткіші деп айтуға болады.

«Патша ауған жаққа бақ тауады» дегендей, Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде жасты да, кәріні де магнитше өзіне тартып отыр. Елордада өмір сүру – көп адамның арманы. Сол себепті де қала құрылысында алға басушылық бар. Онымен мақтануға да болады. Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің саяси-әкімшілік, мәдени орталығы. Көптеген саяси шешімдер осы қалада қабылданады. Осыдан 10 жыл бұрын қала халқының саны 650 мыңнан астам болса, бүгінде 1 млн 200 мыңға жетті. Әрине, 10 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымына едәуір салмақ түсті. Ал осы мәселенің барлығын шешу тікелей астана әкімдігінің мойнына жүктеліп отыр. О баста астананың донор қалаға айналуына көпшілік күмәнмен қараған еді. Алайда бүгінде Нұр-Сұлтан тек өзін-өзін ғана дамытатын қала емес, республика бойынша ең көп салық төлейтін донор қаланың біріне айналды. Бұл ретте инвестиция тартудың маңызы зор. Қазіргі таңда инвестиция бизнес, білім, логиистика бойынша тартылуда. Былтыр қалаға 1 триллион теңгеден аса инвестиция тартылыпты. Өткен жылдың өзінде қалада 12 жаңа мектеп салынған екен. Қала әкімінің айтуынша, биыл да 15 мектеп, ал алдағы 5 жыл ішінде 50 мектеп салынбақ. Мұны үлкен ерлік деп айтуға болады», – деді саяси ғылымдарының докторы.

Сонымен қатар Зулфухар Ғайыпов елордада денсаулық сақтау саласы мен жол жөндеуде де ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті.

«Елордаға газдың келуі Елбасының тарихи шешімі екені белгілі. Бұл ретте астана әкімдігінің тарапынан да қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта алдымен қаланың шеткі аймақтарындағы жеке секторларға газ тартылуда. Онда да жергілікті билік тұрғындарға барынша жеңілдіктер қарастырып жатыр. Мысалы, газ құбырының желісі үйлердің жанына дейін жеткізілсе, оны қосып беру қызметі бастапқыда 250 мың теңге болған еді. Әкімдіктің мердігер компаниялармен келіссөздер жүргізуінің арқасында бұл баға 150 мың теңгеге төмендетілді. Сол сияқты ай сайынғы текше метрге шаққандағы тариф құны 45 теңгеден 34 теңгеге азайтылды. Онымен қоса, әкімдік тарапынан есептеуіш қондырғылар газ тартқан үйлерге тегін орнатылып жатыр. Бұл да – тұрғындарға көрсетілген едәуір көмек. Алдағы жылдары қала толықтай газбен жылытуға көшсе, елорданың әлеуметтік мәселесі ғана емес, экологиялық мәселесі де шешіледі деген сөз», – деді ол.

Сондай-ақ Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша елордада қоғамдық кеңстіктер салынып, басқа да бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта Нұр-Сұлтанның ең жайлы қалалардың біріне айналатынына сенім білдірді.

«Сонымен қатар қала басшысы «Бірге» деген платформаның жақында іске қосылатынын айтты. Айтуынша, осы платформа арқылы жұртшылықтың ұсыныс-пікірі ескеріліп, сол бойынша бюджетке де өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл – өте үлкен бастама. «Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды» деп Күлтегін бабамыз айтпақшы, мұны халық пен биліктің бір-біріне деген сенімін нығайтатын алтын көпір болады деп ойлаймын. Жалпы, қала басшылығының болашаққа құрған стратегиялық жоспарлары мен қазіргі уақыттағы тактикалық жұмыстары көңілді көншітеді. Елорда әкімінің бүгінгі есептік кездесуін жоғары бағалаймыз. Тұрғындар да жылы қабылдады», – деп түйіндеді З.Ғайыпов.




Саяси ғылымдарының докторы, Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры Зулфухар Ғайыпов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.