«Наурыз – Ұлыстың ұлы күні!» іс- шарасы
Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезеңде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз мерекесін жлғары деңгейде атап өту мақсатында Жоғары көлік және коммуникация колледжі 15 наурыздан бастап 22 наурызға дейін бір қатар іс шаралар ұйымдастырып, әр күннің өзіндік ерекшелігіне қарай мерекені атап өтті. 14 наурызда қазақ халқының амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, әз-Наурызға жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтатын «Көрісу күні» аталып өтті. Сонымен қатар барлық оқу топтарында арнайы «Көрісу күніне» және «Жайлау күніне» арналған «Армысың, әз-Наурыз!» атты бірыңғай ашық тәрбие сағаты өткізілді.
16 наурыз «Шежіре күніне» арналып, осы күнді дәріптеу мақсатында «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедра оқытушыларыларының ұйымдастыруымен http://e-kitap.kz/books сайтынан кітаптарға шолу жүргізіліп, «Туған өлкем – тұнған шежіре» тақырыбында тарихи сағат ұйымдастырылды.
17 наурызда «Тарихқа тағзым күніне» орай колледждің кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Наурыз мейрамының –тарихы!» иллюстративті-кітап көрмесіне виртуалды саяхат өткізілді. 18 наурыз «Игі істер күніне» орай «Қайырымды істер марафоны» атты мейірімділік челленджі ұйымдастырылып, бөлім меңгерушілері және әлеуметтік педагогтің ұйымдастыруымен аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасылардың және аз қамтылған отыбасылардың балаларына қайырымдылық көмектер беріліп, азық- түлік себеттері таратылды. 18 наурыз «Шымырлық пен шеберлік күніне» арнап «Дене шынықтыру және АӘТД» кафедрасының оқытушылары қазақтың ұлттық және халық ойындарынан жарыс ұйымдастырды. Садақ тарту, асық ату, Арқан тарту, өгіз тартыс секілді ұлттық ойындар жастар арасына кеңінен насихатталып, жеңімпаздар марапатталды.
19 наурыз «Ұлттық тағамдар күніне» орай директордың орынбасарларының бастамасымен ұлттық тағамдарымызды әспеттеу мақсатында, 1 курс студенттеріне «Бауырсақ» ұлттық тағамын тарату іс- шарасы жүзеге асырылды.
19 наурызда директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, көркемдік жетекші, жастар ісі комитетінің инспекторының ұйымдастыруымен «Ұлыстың ұлы күніне» арналған «Қош келдің, әз Наурыз!» атты қашықтықтан ұйымдастырылған мерекелік концерт өткізілді. Колледж өнерпаздары әсем әннен, күмбірлеген күйден шашу шашылып, қатысушыларды мерекелік көңіл-күйге бөледі.
20 наурыз күні «Адал ұрпақ» еріктілер клубының жетекшісі «Зияткерлік күніне» арналған «Жемқорлық - құқық бұзушылықтардың картасы» атты студенттер арасындағы колледжшілік жобалар байқауын өткізді. Жас ұрпақты адалдыққа, әділдікке тәрбиелеу мақсатында өткізілген іс шараға барлық 2 курс студенттері қатысты. 20 наурызда «Жоралғы күніне» орай, жастар ісі комитетінің инспекторы және топ жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Наурыз құтты болсын!» атты бейнероликтер байқауы өткізілді. Студенттер ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, жүрекжарды тілектерін, ән-жырларын арнап, баршаны мерекемен құттықтады. Өнеге боларлық мұндай іс-шаралар болашақта да жалғасын таба бермек. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын!
Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.