Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені
«Бірлік болмай, тірлік болмас» - деген қазақтың дана сөзі бар. Шынында Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.
Мамырдың алғашқы күні – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев осыдан жиырма алты жыл бұрын көтерген болатын. Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі.
2021 жылғы 30 сәуір күні колледжімізде Қазақстан Рсепубликасы халықтарының бірлігі күні қарсаңында ZOOM платформасы арқылы «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты мерекелік онлайн концерт өтті. Іс-шараны колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы мерекенің шығу тарихына тоқтала келе, бұл мерекеге 26 жыл толып отырғанын, елімізде бірнеше ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, және де оқытушылар мен студенттер ұжымын мерекемен құттықтады.
Колледж директорының құттықтауынан кейін колледж ұстазы Жазира Шаяхметова «Жақсы адамдарым» әнін тарту етті. Мерекелік концерт эстрада жұлдыздарының ән шашуымен жалғасты. Мерекелік іс шараның соңын Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен әнші Н.Сейтмұратов аяқтады.
Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек, - деген еді Н.Назарбаев. Түптеп келгенде 1 - мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын анықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік.
Көркемдік жетекші Н.Сейтмұратов