Студенттік өмір – қызығы мол жылдар
Студенттік өмір – адам ғұмырындағы аса бір қызыққа толы, ерекше есте қалатын керемет шақ. Ал сондай керемет шақтың жақсы естеліктерге толы болуы оқу орнымен студенттер үйіне тікелей байланысты. Осыған орай колледжіміз студенттер өміріне ерекше көңіл бөлуде.
2021 жылдың 22 қазан күні колледжіміздің №2 студенттер үйінде 1 курс студенттеріне арналған «Студенттік өмір – қызығы мол жылдар» тақырыбындағы салтанаты кеш өтті. Аталмыш кештің мақсаты студенттерді мереке тарихымен таныстыру, олардың шығармашылық, рухани-адамгершілік қабілеттерін дамыту, таңдаған мамандығының маңыздылығын түсіндіре отырып, терең білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып шығуға үндеу, талантты студенттерді жатақхананың қоғамдық өміріне белсене ат салысуға тарту.
Дәстүрге айналған шараны студенттердің асыға күткені сезіледі. Өздеріне жаңадан келіп қосылып жатқан жас буынға жоғарғы курс студенттері естен кетпес мерекелік бағдарлама әзірледі. Кеш барысында қызықты ойындар ойнатылып, түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына ынталандыру силықтары табысталды. №2 Студенттер үйі кеңесінің төрағасы Кенжетайұлы Мухаммед студенттер атынан сөз алып, барша тәрбиешілерге зор алғысын айтып алғыс хаттармен қатар гүл шоғын ұсынды. Әсем әнмен әсерлі биді тамашалағаннан кейін 1 курс студенттері Студенттер үйінің ережелерін сақтауға, тәртіпті болып сабақтарын жақсы оқуға ант етті. Кеш қонағы директордың ТІЖ орынбасары Гүлмира Ғалиасқаровна студенттерге колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлының ыстық лебізімен құттықтауын жеткізді. Берген анттарына адал болып, білім шыңынан көрінулерін тіледі. №2 Студенттер үйінің тәрбиешілеріне алғысын айтып, студенттерге оқуда табыспен зор денсаулық тіледі.
Қуанышты көңіл күйге толы болған кештің соңы би кешіне ұласты.
Бақыт Ұланбек