Body: 





Нұр-Сұлтан қаласының мәдени кодын қалыптастырудағы жастардың рөлі

2021 жылдың 17 қарашасы күні ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын арқау еткен кездесу өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерей тойына орай зиалы қауым өкілімен өткен кездесудің басты мақсаты жаһандану дәуіріндегі жас ұрпақты ата-бабамыз салып кеткен сара жолға бағыттап, тарихымызбен тамырлас тәрбие беріп, студенттерге рухани бағдар көрсету.

Жоғары көлік және коммуникация колледжінің конференц залында өткен ауқымды шараға Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, "Белсенді ұзақ өмір" қоғамдық қорының жетекшісі Еркетаев Мұхтар Дүйсенұлы арнайы қатысып, аталмыш тақырып бойынша студенттермен келелі кеңес жүргізді. Кешегі өткен тарихымызды, мақтан етер тұлғаларымызды айта келіп бүгінгі жас мемелекет Тәуелсіз Қазақстанның көркеюі рухы мықты, білімі мол жастардың қолында екенін сөзге тиек еткен ағамыздың сөзін жастар ұйып тыңдады. «Ел ертеңі бүгінгі жас өркеннің қолындағы дүние, сондықтан жастарымызды тәрбиелеу, келешегімізді кемел ету», деп Мұхтар Дүйсенұлы өз сөзін қортындылады.


Бақыт Ұ.