Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді
Қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсаринның туғанына биыл 180 жыл. Ұлымызды ұлықтау мақсатында Колледжімізде ақынның құрметіне арналған «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді» тақырыбында 4 курс студенттері арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында студенттер ұлы ағартушының шығармаларымен танысып, парақорлыққа қарсы күреске қосқан үлесін талқылады.
Студенттер «Торғайдың төрінен надандықты қуамын!», - деген «Дала қоңырауы» атанып кеткен Ыбырай Алтынсаринның қанатты сөздерінен парақор қоғаммен күрес мәселесі бойынша жүйелі ақпараттар біле келе, болашақ елінің патриоты ретінде ұстаздарын бір қуантты.
Дөңгелек үстел Ыбырай Алтынсаринның Н.И. Ильминскийге жолдаған хатымен басталып, жаңашыл педагог ғалымның шығармашылығымен жалғастырылды.
Студенттер Алтынсаринның хатынан мына үзіндісіне жете тоқталды: «Осы жылы январьдің 8 күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Бұл балаларда менің айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды... Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын....».
Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді деген ұстаныммен жиындағы студенттер өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстелімізді ақынның еңбек салтанаты мен адалдықты, шындықты жырлайтын, халқын берекесіз, жұғымсыз істен аулақ болып, игілікті еңбегімен, өз күшімен күн көруге, шындық үшін жан беруге, адал өмір сүруге шақыратын «Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен» деген өлеңінің жолдарын талдаумен аяқтадық.
«Көлік және логистика» бөлімінің меңгерушісі Чалгинбаева Г.С.