Body: 





Тәуелсіздік тірегім, Қазақстан – жүрегім!

14 желтоқсан күні колледж мәжіліс залында Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік тірегім, Қазақстан - жүрегім» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті.

Аталған мерекеде алғашқы сөзді саяси ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері директорлар кеңесінің төрағасы, колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы жиналған ұстаздарды, ата-аналарды және студенттерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен құттықтады. Колледж директоры биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Біз бүгін барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін – деп сөзін аяқтады.

Осындай мерейлі күнде еліміздің гүлденіп-көркеюіне, білімді ұрпақ дайындауға аянбай еңбек етіп жүрген колледждің бір топ қызметкерлері мен құрметті ата-аналарын марапаттау рәсімі болды.

Марапаттау қатарында ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен Муравьева Светлана Анатольевна, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі мен орынбасарының және Білім басқарамысының Алғыс хаттарымен Жадигерова Құралай Серікқызы, Чалгинбаева Гүлназ Солтанғазықызы, Алимова Светлана Асантайқызы, Жунусова Гулмира Болатқызы, Омарова Маншук Мейрімқызы, Сабырова Гаухар Саулетбайқызы марапатталды.

Сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштері іс-шараларының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Серікбол Бекболатұлы ҚР Қарулы Күштері бас штаб бастығы орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.

Техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері арасындағы «ҮЗДІК ЖАС ПЕДАГОГ» қалалық байқауының ІІ дәрежелі жеңімпазы Бақыт Ұланбекке табыс етілді.

Колледж директоры «ҚР колледждерінің үздік 100 студенті» жобасы бойынша жеңімпаз студент Арнур Ералханұлын құттықтап, арнайы сыйлық табыс етті.

Колледждің 75 жылдық мерекелік медалімен Ахметова Айгуль Төлеубайқызы мен Сванова Гульназ Бақытжанқызы марапатталды.

Колледж директорының Алғыс хаты Бегалиева Эльмира Серікқызы мен Төлеухан Манасқа берілді.

Мерекеде дәстүр бойынша колледжіміздің оқуда озат, өнерлі студенттеріміздің ата-аналарында колледж директорының алғыс хаты табысталды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағадарламаға ұласты. Қалалық «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты мүшәйрада жеңімпаз болған колледж студенттері Нұржан Байқадамов пен Мұхаммад Оразаев өздерінің Тәуелсіздікке арналған өлең жолдарын оқып, «Шіркін лайф» тележобасының жеңімпазы, ҚР Қорғаныс министрлігі, Қарулы Күштері орталық ансамблінің әншісі Бауыржан Нұрымбетовтың орындауында М.Сыздықтың «Атамекен» әнін орындаса, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, президент стипендтясының иегері Алиш Бибарыс Абайдың «Көзімнің қарасы» мен М.Магомаевтің «Синяя вечность» әнін тарту етті.

Концертті Ә. Ысқақтың «Көк тудың желбірегені» әнін Нұрболат Сейтмұратов орындап аяқтады.

Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!

Елдігіміз еңселі, мемлекетіміз мәңгі болсын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!



Нұрболат Сейтмұратов