18.05.2022
Сәкен Сейфуллиннің мұражайына экскурсия
2022 жылдың 17 мамыр күні Жоғары көлік және коммуникация колледжінің «Жас қаламгер» үйірмесінің мүшелері мәдени сапармен сырбаз ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің мұражайына барып, тағзым етті. Сәдуақас Сейфуллин атындағы әдеби-мемориалдық музейі 1988 жылы ашылған. XIX ғасырдың екінші жартысында салынған бұл ғимарат бұрын көпес Казанцевтің әкімшілік үйі болған. 1920 жылдары аталмыш ғимараттағы редакцияда Сәкен қызмет еткен.
Бабалар аманатына асқан жауапкершілікпен қарайтын жас қауым Сәкеннің өз қолтаңбасы қалған құнды жәдігерлерін көріп, көп дүниені көңілге түйіп қайтты.
Экскурсия барысында студенттер ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы толымды ақпарат алып, жаңа деректермен таныс болды. Сәкен Сейфуллиннің қолданған жеке заттарын көріп, мұрағатта сақталған құжаттарымен танысты. Мұражай мұрағатындағы Сәкеннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Ұлт театры туралы» атты мақалаларын оқып, ақын өлеңдері желісінде салынған картиналарға ерекше ықылас танытты. Сонымен қатар, зияткер студенттеріміз ақынның көзі тірісінде жарық көрген кітаптар топтамасы мен фотосуреттерін тамашалау мүмкіндігін алды.
Студенттердің мәдени сапары барысында экскурсия жүргізген мұражай қызметкері ақынға тиесілі әрбір заттың өзіндік ерекшелігі мен тарихына тоқталып, қысқаша әңгімелеп берді. Студенттер шағын мұражайдың іші тарихи деректерге толы екендігін сезініп, ерекше толғаныс күйін кешті. Мәдени сапардың танымдық әрі тәрбиелік мәні зор болды.
“Жас қаламгер” үйірмесінің жетекшісі Г.Базилбаева