Body: 





28.05.2022

Тоғызқұмалақ

2022 жылдың 26-27 мамыр күндері Жоғары көлік және коммуникация колледжінің акт залында Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы Республикалық Ұлттық спорт лигасы тоғызқұмалақ жарысы өтті. Тоғызқұмалақ әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері, бұл өнердің басты қасиеті адам санасын жетілдіруге, ақыл ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарағандығына осы ойын өзі дәлел бола алады.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен 10 команда қатысты. Екі күнге созылған дәстүрлі шара достық қарым-қатынасты нығайту мен жастардың спорт шеберлігін шыңдауға бағытталған. Ойынның бас төрешісі болып Мерешев Ернур тағайындалды.

Жарыста Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері директорлар кеңесінің төрағасы,колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы сөз сөйлеп, ұлттық ойынның өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде ерекше феномен екенін атап өтті. Сөз соңында Зулфухар Сұлтанұлы ойыншыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған ойын өз мәресіне жетіп, төрешілердің шешімімен орындар тағайындалып, жеңімпаздар анықталды. Жарыс нәтижесі бойынша ІІІ орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің командасы, ІІ орынды №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледж командасы иеленді. Нұр-Сұлтан қаласы жоғары көлік және коммуникация колледжінің командасы өзге командалардан озып шығып І орынға ие болды. Қалған қатысушыларға сертификат табысталды. Шара соныңда барлық қатысушылар естелік суретке түсті.