Body: 

«Менің өмірлік ұстанымым – адалдық»
Т.О. Әубәкіров.

2016 жылғы 19 сәуір күні Астана қаласындағы Көлік және коммуникация колледжінің ұжым қызметкерлері мен студенттерінің бал –бұл жайнаған жүздерінен алда айтулы бір іс – шараның болатыны бірден байқалады. Себебі, бүгін олар жүрегі елім деп соққан ержүрек аға Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен жолығады. Колледждің мәжіліс залы мерекелік кездесуге сай безендіріліп, көрермендер тағатсыздана есік жаққа қарап, қонағымызды қошеметпен қарсы алуға сақадай сай болғанда, жүзіне шексіз мейірім ұялаған, күлкісімен баршаға нұр сыйлаған дара тұлға да көрінді. Көрермендер орнынан өре түрегеліп, зор қошеметпен қарсы алған бұл, шын мәнісінде «зор тұлға», Халық Қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлының кездесуге келген сәті.

Одан әрі сахнаға өтіп көрермен қауыммен амандасып, өзінің құрметті орнына жайғасқан кеш қонағы Тоқтар Оңғарбайұлы өз өмірбаянынан сыр шертіп, залда отырған көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Әрине, студенттерге де ең қызығы ол кісінің ашық ғарышқа ұшуы еді. Осы қатарлы бірнеше сұрақтар мен жүргізілген сыр-сұхбат өте тартымды өтті.

Колледж студенттері қонағымызға кәде-сый ретінде мерекелік концерт тарту етті. Әсем әндері мен көркем билері сай келген концертте Халық Қаһарманының көңілінен шыққаны көрініп тұрды.

Мерекелік іс-шараның соңы естелік фотосуретке түсумен аяқталды. Жүрегі елім деп соққан ержүрек батыр ағаларымен студенттер қауымы қимай қоштасты. Осындай кездесулер жастар санасында азаматтық борыш және Отанға деген сүйіспеншілікті дамытатыны айдан анық.


А. Мұратұлы