Body: 

«Қарты бар ел – қазыналы ел» деген сөз бар қазақта. Қарттарымызға құрмет көрсету, ұлағаттау әрдайым жас және орта буын алдындағы басты міндеттердің бірі. Осыған орай 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні болып бекітілген.

Осы шараға байланысты 2016 жылғы 30 қыркүйекте көлік және коммуникация колледжінің мәжіліс залында ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымызға арналған «Шын жүректен» атты мерекелік іс – шара өтті.

Концертке келген қадірлі қонақтарды Астана қалалық маслихатының депутаты, колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы Гаипов күтіп алып, аға буын өкілдерін шын жүректен құттықтады.

Өзінің құттықтау сөзінде халық қалаулысы қарттарымызға немере-шөберелерінің қызығына тоймай, әр күндері шаттық пен қуанышқа толы болуына тілек білдірді.

Әсем әндерімен, келісімді билерімен, мәнерлі өлеңдерін оқып, өз өнерлерімен ортаға шыққан колледж студенттері қонақтардың зор ықыласына бөленді.

Үш буынның өкілдерін қосқан мерекелік іс-шара жүрек жарды тілектер мен ақ батаға толы болды.

«Осындай мерекелік шарада біздерді - қарттарды ұмытпай, қадірменді қонақ ретінде шақырып, осындай қошемет-құрмет көрсетіп жатқан депутатымыз Зулфухар Сұлтанұлына алғысымызды білдіреміз. Сіздің түлектеріңіз Тәуелсіз Қазақстан Республикасының лайықты азаматтары болуына тілектеспіз!», - деп жиналған қонақтардың атынан сөз сөйлеген Людмила Кузьминична Мазаренко мерекелік көңіл-күй сыйлаған барша студенттерге де рахмет айтты.

А. Мурзабаева