7 октябрь 2016
2016 жылғы қыркүйек айы ішінде «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедра оқытушыларының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Мемлекеттің болашақта дамуының 25 идеясы» атты тақырыпта колледж студенттері арасында эссе жазу конкурсы өтті. Іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарына кафедра оқытушылары жұмыла кірісті. Сайысқа 250-ге тарта студент қатысты. Қабылданған жұмыстар жазылу шеберлігі, ой сұлулығы, сөз саптауы сияқты талаптарды орындауы бойынша іріктелді. Студенттердің жұмысы сарапталып, ең үздік деген шығармашылық жұмыстарға орындар табысталды. 1-орынды өзінің эссе жұмысымен 2У-215 тобының студенті Сарсенбаева Асем жеңіп алса, 2-орынды 2ЭТС-215 тобының студенті Мамытова Алтынай, 3-орынды 2ЭН-215 тобының студенті Ибрагимов Абдукадир иеленді.
«Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзін басты шамшырақ етіп алған студенттер өз ойларын ақ қағазға маржандай тізген екен. Аталған студенттердің жұмыстарында ұлтжанды ұландардың асқақ абыройы мен еңселі еліміздің ертеңіне нық сеніммен қарап отырған ой-түйіндер жазылды. Осы орайда, кафедра оқытушылары жүргізетін «Жас қаламгерлер», «Шешендік өнер» үйірмелеріне қатысатын студенттер шығармашылық жұмыста өздерін таныта білді.
«Қазақ тілі және әдебиеті»
кафедра меңгерушісі А.Е.Дюсекова