Body: 

2017 жылғы 21 ақпанда «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Президент өкілеттіліктерін билік тармақтарына бөлу бойынша үндеуін және «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын талқылау үшін колледждің мәжіліс залында форум өткізді.

«Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалының Төрағасы Болысбек Мұхамеджан Президент ұсынған конституциялық реформаның демократия қағидаттарын одан әрі нығайтуға және мемлекеттік әлеуетті дамытуда маңызды қадам болатындығын атап айтты.

«Президент саясатының арқасында бүгінде Қазақстан экономикасы мықты, тұрақты саяси жүйесі және бірыңғай көпұлтты қоғамы бар күшті ел болды», - деді ол.

Оның айтуынша, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында жастар саясатын, білім беруді және медицинаны дамытуға үлкен мән берілген.

«Президент ұсынған экономикалық дамудың моделі – бұл еліміздің дамуына және Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруін қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-қимыл бағдарламасы», - деп, жас көсбасшы ойымен бөлісті.

Отырыс қатысушылары Жолдауда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне, инновациялық дамуына, макроэкономикалық тұрақтылық, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты экономикалық өсімнің жаңа моделінің өзекті, нақты тетіктері белгіленгенін атап өтті.

Форум соңында аталған шараға қатысқан белсенді жастар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, саралы сұрақтарына салмақты жауап алды.


А. Мұратұлы