Body: 

2017 жылғы 12 маусымда №68 қалалық жалпы орта білім беретін мектеп қабырғасында жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын, бітірушілердің көптен күткен орта мектепті бітіргендері туралы аттестаттарын табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бүгінгі жиын, ата-аналар мен оқытушылардың бүгінгі тілектері, арнау мен аманаттары, медальдар мен аттестаттарды табыстауы, мерекелік кастюм мен иықтарына көк лента таққан жас түлектерге арналды.

Осы бітіруші түлектерді құттықтау рәсіміне Астана қаласының мәслихат депутаты, "Көлік және коммуникация колледжі" МКҚК директоры Зулфухар Султанұлы да қатысып, өзінің жылы лебізін білдірді. "Сендер осы мектеп қабырғасында бақытты балалық шақтарыңды өткізіп, ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіріп, білім нәрімен сусындап, ер жетіп, қанаттарың қатайып, болашаққа нық сеніммен қадам басқалы тұрсыңдар. Мектеп өмірі - бітіруші түлектің естен кетпейтін сәттері. Тек мектепте ғана оқушы еңбексүйгіштік, үлкенді құрметтеу, жауапкершілік сияқты қасиеттерді меңгеріп шығады"-деді.

Зулфухар Султанұлы елімізді дамыту мен мамандық таңдаудағы жастардың рөлін ерекше айтып өтті. Мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ сәтті тапсырып, жаңа өмір әлеміне басар қадамдарына ақ жол тіледі.

Т. Суксулаева