Body: 

1-қазан — халықаралық қарттар күні. Бұл дата БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен 1990 жылдан бері аталып келеді.

Айтулы күнге орай 2017 жылғы 30 қыркүйекте Көлік және коммуникация колледжінің мәжіліс залында ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымызға арналған «Шын жүректен» атты мерекелік іс – шара өтті.

Қазыналы кісілердің елдің гүлденуіне қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, ақ тілегін айтқан Астана қалалық мәслихатының депутаты, колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы Гаипов еңбек және тыл ардагерлерін мерекелерімен құттықтады. Өзінің құттықтау сөзінде халық қалаулысы қарттарымызға «Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін жəне ардагерлерге қамқорлық пен құрмет көрсететін күн болып табылады. Сіздер тек қана осы мереке күндері емес, əрқашан құрмет тұтуға лайықты жандарсыздар, Сіздерге тілейтінім немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, әр күндеріңіз шаттық пен қуанышқа толы болып, ұзақ ғұмыр кешіңіздер!!» деді маслихат депутаты.

Әсем әндерімен, келісімді билерімен, мәнерлі өлеңдерін оқып, өз өнерлерімен ортаға шыққан колледж студенттері қонақтардың зор ықыласына бөленді.

Үш буынның өкілдерін қосқан мерекелік іс-шара жүрек жарды тілектер мен ақ батаға толы болды.

«Осындай мерекелік шарада біздерді - қарттарды ұмытпай, қадірменді қонақ ретінде шақырып, қошемет-құрмет көрсетіп жатқан депутатымыз Зулфухар Сұлтанұлына алғысымызды білдіреміз. Сіздің түлектеріңіз Тәуелсіз Қазақстан Республикасының лайықты азаматтары болуына тілектеспіз!», - деп жиналған қонақтардың атынан сөз сөйлеген Кульжан Ахатқызы Токпаева мерекелік құттықтау естіп, ыстық ықыласқа бөленген қарттардың көңілдері көтеріңкі екенін айтты. Сонымен қатар мерекелік көңіл-күй сыйлаған барша студенттерге де алғысын білдірді.

А.Мурзабаева