Body: 

Атадан жақсы ұл туса,
Елінің оңы болады,- демекші, қазақ халқы ертеден ер баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

Қазіргі таңдағы өскелен ұрпағымыздың бойындағы осы бір ерік-жігерлікті, батырлықты, шешендікті, алғырлықты байқау, оны паш ету мақсатында Астана қаласының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылғы 25 қазанда колледж студенттері арасында «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті.

Сайысқа сегіз колледжден, өнерімен тамсандырған, бірінен бірі озатын сайыпқыран жігіттер қатысты. Төрт бөлімнен тұратын сайыстың көркін қыздырып, көрермендердің көңілінен шығу үшін сарбаздарымыз бар өнерлерін ортаға салып, түрлі сынақтардан өтті.

Көлік және коммуникация колледжінен дүбірлі додаға 2 курс «Темір жол көлігіндегі қозғалысты басқару және тасымалды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алатын 2Д-216 тобының студенті Серіков Әділ қатысты. «Жігіттің сұлтаны» – талантты да сымбатты және күшті, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болуы шарт. Әділ болса барлық жағынан осы шартқа лайықты.

Өзге жігіттерден дараланып, барлық шартқа сай негіздерді көрсете білген колледж студенті байқауға қатысып, белсенділік танытқаны үшін дипломмен марапатталды.

А. Мурзабаева