13 желтоқсан 2017
2017 жылғы 12 желтоқсанда Астана қаласында "Экономиканың жаңа моделі аясында білікті кадрларды даярлау. Әлеуметтік серіктестермен диалог" тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысына Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру қауымдастығы, әлеуметтік серіктестер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты: Астананың еңбек нарығы үшін кооперативтік кадрларды даярлауды одан әрі дамытудың траекториясын анықтау, жаңа ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау, Астана қаласының кәсіпорындарын болашақ колледж түлектері қатарынан білікті мамандармен қамтамасыз ету, орта буын мамандарының беделі мен мәртебесін арттыру, тұтастай алғанда техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту.
Іс-шара Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Жанғозин Әнуар Қанатұлының алғы сөзімен ашылды. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тасмағанбетов Ғани Мерғалиұлының құттықтау сөзімен жалғасты. Әрі қарай келесі тұлғалардың баяндамалары тыңдалды: Кусиденова Гульнара Кундаковна- "Еңбек дағдыларын дамыту" жобасының ұлттық сарапшысы, Қылышбаева Зауре Араповна, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры, Төлегенова Орынбасар Шайдаулетовна «Park Inn» қонақ үйінің менеджері, Марасилов Марал Серикович - "Теміржол көлігі персоналын бағалау мен дамыту орталығы" "ҚТЖ"ҰК" АҚ филиалының директоры, Старунов Виктор Ильич- Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қауымдастығының президенті
Іс-шараны өткізу барысында білікті кадрларды даярлауда серіктестік қатынастарды нығайтуға ықпал етуді іске асыратын ынтымақтастық туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.
Қол қойылған маңызды құжаттардың бірі- Көлік және коммуникация колледжінің атынан директор Гаипов Зулфухар Сұлтанұлы және "ПКФ "БК-студия" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Ресей Федерациясы) атынан директор Куранов Олег Юрьевичтің арасындағы екі жақты қарым-қатынастың талаптары мен мазмұнын анықтайтын халықаралық меморандум болды. Онда ынтымақтастық аясында аудиторияларды, зертханаларды, шеберханаларды, оқу-өндірістік цехтарын жарақтандыру, тәжірибе алмасу, оқу үрдісі мен инфрақұрылымды жетілдіру, колледждің жоғары білікті мамандарын даярлау үшін бірлескен семинарларды, конференцияларды өткізу жобаларын әзірлеу қарастырылды.
Іс-шараның соңында дөңгелек үстелдің қатысушылары өзара пікір алмасып, кездесуді ұйымдастырғандарға өз алғыстарын білдірді.
О. Жунуспеков