Body: 

Үстіміздегі жылдың 6 наурыз күні көңілдерге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 8 – наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін Көлік және коммуникация колледжі жоғары деңгейде қарсы алды. Мерекелік іс – шара «Кербез сұлу» би тобының орындауындағы қазақтың ұлттық биімен ашылды.

Әдеттегідей мәжіліс залына асыққан ұстаз-аналар қауымы мен студенттердің көңілдері шат-шадыман. Оларды көңілді әуен мен жастардың жадыраңқы қабағы, ер азаматтардың ыстық ықыласы күтіп тұрды.

Колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы Гаиповтың құттықтау сөзінде әйел-аналардың, ұлағатты ұстаздардың, кейінгі жас буынның колледждің ілгерілеуіне қосып отырған айрықша үлестеріне арнайы тоқталып, өзінің жүрек жарды құттықтауын жолдады.

Мерекелік құттықтаудан кейін колледж директоры Астана қаласы білім басқармасының «Алғыс хатымен» Плахотник Римма Васильевна мен Ряснова Людмила Александровна және колледждің білім беру саласына қосқан үлестері үшін бір топ ұстаздар колледж директорының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Мерекелік концертте колледж өнерпаздары ән –жырдан шашу шашып, концерттің соңында барлық өнерпаздар Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін орындады. Мерекелік концерт жоғары деңгейде өткізіліп, колледж директоры және ұстаздар қауымы өз ризашылықтарын білдіріп, кеш соңында естелік суретке түсті.

Н. Сейтмуратов